«Өнерлінің ырысы – жарқырап жатар жолында» дегендей қыркүйек айында облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Отаным-отбасым» атты шығармашылық отбасылар байқауына біздің ауданнан Әнәс отбасылық ансамбілі алғашқы рет қатысты. Осы сайысқа үміттерін үкілеген сегіз ауданнан он бір отбасылық ансамбль қатысты. Байқау шарты бойынша өнер додасына қатысқан отбасылардың әрқайсысы екі ән дайындап, оны нақышына келтіріп орындауларына тиіс. Әнәс отбасылық ансамбль көрермендерге Т.Қажыбаевтың «Әгугай домбыра» және С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндерін нақышына келтіріп, тыңдарманының құлағының құрышын қандырды. Облыстық «Арқа ажары» газетінде осы ансамблі туралы былай делінген: «Ағалы-інілі Иманғазы мен Жарастың әкелерімен қосыла шырқаған әндерінен олардың дауыстарының бір-біріне үйлесімділігі, дауыс тазалығы, ән орындаудағы шеберліктері мен сахнадағы өздерін сенімді ұстаулары көңілден шықты». Нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша Әнәс отбасылық ансамбілі жүлделі үшінші орынға ие болды.
С.Әлжанова
Ш.Әлжанов атындағы
орта мектебінің мұғалімі.